Физикалық антропология зертханасын танымал антрополог, ҚР ҰҒА академигі О. Смағұлов жетекшілік етеді.

Физикалық антропология зертханасының қызметі Институттың жеке бағыты болып саналады. Қазіргі қазақ популяциясын кешенді бағдарламалар арқылы соматология, одонтология, дерматоглифика, серология және краниология көрсеткіштері бойынша көпжылдық зерттеулерден алынған нәтижелері қазақ халқының өзіндік антропологиялық статусының болғандығын дәлелдеді. Осыған сәйкес қазақ халқының физикалық бет-бейнесінің қалыптасуы төрт мыңжылдық терең тарих қойнауынан бастау алады.

Жәдігерлерді алғашқы қалпына келтіру мен жаңғырту зертханасының мамандары мәдени құндылықтарды сақтау барысында бірнеше негізгі бағыттар бойынша жұмыс жасайды. Ежелгі ескерткіштерден табылған жәдігерлер зерттеліп, өңделген соң ҚР Ұлттық музейінің қорына тапсырылады, ерекше қызықты экспонаттар экспозициядан орын алады.

Зертхананың басты бағыттарының бірі ежелгі қыш бұйымдарының техника-технологиялық зерттелуі болып табылады. Бұл бағыт ежелгі қоғамның мәдени үрдісін жаңғыртуға мүмкіндік береді. Техника-технологиялық зерттеу негізі қыш құмыраларының жасалу процесін топ-топқа бөліп көрсетеді. Саз балшықты дайындау мен одан шыққан ыдысты кептіріп, арнайы температурада күйдіріліп жасалуын бинокулярлы микроскоп арқылы анықтап көруге болады. Зертхананың мамандарын жасаған техника-технологиялық жұмыс ежелгі қоғамда болған мәдени өзгерістерді анықтап білуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бұл зертханада металл бұйымдарды алғашқы қалпына келтіру жұмыстары да жүргізіледі. Оның негізгі міндеті металлдың бұзылу процесін тоқтату және мүмкіндігінше жәдігерлердегі тарихи маңызды ақпаратты сақтау болып табылады.