Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» атты мақаласында XXI ғасырдағы ұлттық сана туралы «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды»,- деген еді.

Қазақ жері мен елі Еуразия құрлығындағы орналасуы, түрлі табиғи-климаттық белдеулердің болуымен мыңдаған жылдар бойы өткен талай мәдени-тарихи үрдістердің қайнаған ортасы болды. Ұлы Даламызда сан ондаған ғасырлар бойы сабақтастықта дамыған заттай (археологиялық) және рухани (салт-дәстүр, әдет-ғұрып, музыкалық мұра, зергерлік өнер, Табиғат пен Ғаламға қатысты ілімдер мен дағдылар т.б.) мәдени мұраларымыз бүгінге қалпы бұзылмастай жетті. Біздің ұлттық кодымыз – осы археологиялық және рухани мұраларымыз!

Бүгінгі ұрпақтың міндеті-бабалардан мирас ретінде жеткен мұраларды сақтау, жіті зерттеу, жаңғырту, жандандыру, насихаттау мен болашақ ұрпаққа жеткізу болып табылады. Жиырма алтыға енді келген жас мемлекет ретінде бұл бағыттағы атқарылатын және атқарылған іс-шараларда олқы түсіп жатқан тұстар бар. Ұлтты қалыптастыратын кейбір элементтерге жаһандық және әлеуметтік өзгерістерге сай жойылу қаупінің төнуі ұлт қауіпсіздігіне үлкен зиянын келтіретінін ескерсек, өзіндік ұлттық келбетті сақтау мен оны жаңа заман талабына сай жаңғыру-қазіргі таңдағы өте өзекті мәселе.

Қазіргі таңда ғасырлар қойнауынан нәр алған ұлттық құндылықтарды жинақтау, жүйелеп зерттеу, мұраларды қалпына келтіру мен қайта жаңғырту, музей, музей-қорықтарда насихаттау және соған қатысты өзекті мәселелерді талқылайтын ортақ алаң-ғылыми басылым елімізге өте қажет. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі өзінің құрылымдық бөлімшесі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының бастамасы – «Ұлы Дала мұралары» атты ғылыми басылымын жылына екі рет жарыққа шығаруды жөн санап отыр.

Жылдық басылымның негізгі мақсаты-Қазақстан Республикасы мен басқа да елдердің археологиялық, рухани мұралары, музей ісі, реставрация және консервация салаларындағы, сонымен қатар «Туған жер» бағдарламасы, соның ішінде топономика бойынша өзекті мәселелерді талқылау, ғылыми ізденістердің нәтижелері мен жаңалықтарды жариялау.

Ғылыми басылым қазақстандық ғылыми-ақпараттық жүйесінің бір бөлігі ретінде осы салаларда қызмет атқаратын мемлекеттік құзырлы және жергілікті органдар, мұрагерлер, қауымдастықтар, ғылыми-зерттеу инститтутары мен музейлердің өзара іс-қимылын күшейтуге, қызметтерін ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етуге жәрдемдеседі деп сенеміз.