2010 жылғы мамыр айында ҚР БҒМ ҒК Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Астана қаласындағы филиалы ресми түрде құрылды. Астана қаласында ондай құрылым құру идеясы менде баяғыда туындаған еді, осы жолы министрден қолдау таптым. Астана қаласындағы филиал елде ғылыми қызметті ұйымдастыру мен қаржыландырудың мүлде жаңа жолдарына көшу үрдісі жүріп жатқан шақта Отандық археология ғылымының дамуына жаңа серпін беріп, жоғары білікті мамандар даярлауға ықпал етуі тиіс деп ойладым. Түрлі аймақтық орталықтар, кейбір жоғары оқу орындары жанында құрылған институттар және көп мөлшерде арнайы маманданған коммерциялық құрылымдар (ЖШС, ҮЕҰ және т.б.) ашылып жатқанына қарамастан, археологияның дамуының негізгі бағыттары ғылыми үдерісті ұйымдастырудың «академиялық» дәстүрі бар ғылыми-зерттеу институттарының (және олардың түрлі қалалардағы бөлімшелерінің) еншісінде қалуы керек деп есептеймін. 

Өз қызметінің бастапқы кезеңінде филиал, әрине, елдің түрлі аймақтарында далалық зерттеулер жүргізу аясын кеңейтіп, қазіргі заманғы деңгейде құжатталған археологиялық дерек көздерін жинақтап, сол негізде заманымыздың бейнесімен және ұлттық-мемлекеттік және қоғамдық сананың қажеттіліктеріне сәйкес, еліміздің ежелгі және орта ғасырлық тарихын зерттеудің теориялық-әдістемелік мәселелерін зерттеп дамытуға ұмтылады. 

Филиал жоспарлап отырған мұрағат деректері мен қазіргі заманғы деректер пайдаланылатын үш тілдегі «Қазақстан археологиясы. Деректер мен зерттеулер» (40 томдық) атты сериялық басылым әлемдік ғылымның дамуына да үлкен үлес болып қосылатынына үміттенеміз, өйткені Еуразия кеңістігіндегі халықтардың ежелгі тарихын зерттеумен айналысатын көптеген шетелдік ғалымдар да, бұған дейін белгісіз болып немесе қолдарына тимей келген деректерге қол жеткізеді. 
Құрылған күнінен бастап филиал интеграция процесіне белсенді араласып кетті. Ресей, АҚШ және ГФР-да өткен бірнеше халықаралық ғылыми конференция және өзге де шараларды әзірлеу және ұйымдастыру ісіне атсалысты. Айталық, 2012 жылы Нью-Йорк университеті жанындағы Ежелгі дүниені зерттеу институты және Смитсон институтымен бірлесе отырып, біз Вашингтонда «Көшпенділер және олардың кеңістіктегі байланыстары» атты халықаралық көрме өткіздік. 2013 жылдың басында Герман тау-кен ісі институты және Герман археология институтымен бірлесе отырып, Бохум қаласында (ГФР) одан да ауқымдырақ «Бейтаныс Қазақстан. Азия кіндігіндегі археология» атты көрменің өтуіне және кең мазмұнды каталогтар (және конференция материалдары) шығарылуына мұрындық болдық. Интеграциялық және пәнаралық бағдарламалар аясында филиал ресейлік және неміс археологтарымен бірлесе отырып, батыстағы Мұғалжар мыс руда қорларын және қазіргі заманғы Қазақстан аумағындағы палеоэкономика мен ежелгі өндіріс орталықтарын зерттеудегі маңызды дәуір деп есептеуге болатын елдің шығысындағы Қалба тау жотасының кассетериттік кен орындарын игеру мәселелерін зерттеумен айналысып келеді. 
Ғылыми жобалардың міндеттерін жүзеге асыру үшін 67 маман жұмылдырылды, олардың басым көпшілігі елдің әр қалаларында және шет елдерде тұрады және қашықтан табысты жұмыс атқарып келеді.

З. Самашев


Археологиялық ескерткішткер