kui1Киелі мұра. Қаратау өңірінің күйлері

Оңтүстік Қазақстанның Қаратау өңірінде қазақ күй өнеріндегі бөгенайы бөлек мектеп қалыптасқан. Сүгір Әлиұлының арғы жағындағы халық күйшілерінен бастау алып Сүгір арқылы кейінгі буынға жеткен бұл өңірдің күйлері Қаратау күйшілік мектебі деген атпен алашқа аян. Кешегі Сүгір күйшінің мол мұрасын бізге жеткізген Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Файзолла Үрмізов, Сейітқан, Жүзбаевтар әулеті осы өңір күйлерінің жас ұрпаққа насихатталуына үлкен үлес қосып келеді. Бұл жинаққа Төлеген Момбековтың орындаушылық мәнерін толық меңгерген Әлімқан Жүзбай, Ерғали Жүзбайлармен қоса Сатан күйшінің орындауындағы күйлер еніп отыр. Сондай-ақ бұл дисктегі біраз күйлер осы уақытқа дейін еш жерде жарық көрмегенін айтқымыз келеді.

 

kui2Киелі мұра. Мырзашөл өңірінің халық әндері

Қазақтың әншілік өнеріндегі аймақтық ерекшелік жағынан Мырзашөл өңірінен табылған бұл махам-саздардың орны бөлек. Сол өңірге тән мәнерде ескі үлгіні сақтаған бұл әндер Мырзашөл өңірін жайлаған елдің тұрмыс-тіршілігі мен қаймағы бұзылмай сақталған дәстүрін анық көрсетеді. Бала жасынан сол өңірдің сарын-сазын көкірегіне құйып өскен Сапарәлі Серікбаевтың орындауындағы бұл әндер Мырзашөл өңірінде сақталған бірден-бір ескі сарын екені даусыз. Бұл еңбек болашақта сол өңірдің әншілік өнерін зерттеуге таптырмайтын құнды материал болатыны анық.