«Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

Институттың миссиясы

Институттың басты мақсаты – қазақ халқының тарихи-мәдени мұраларын зерттеу, сақтау және насихаттау.

Институттың негізгі міндеті: қазақ халқының заттық және бейзаттық мұрасын іргелі және қолданбалы зерттеу бойынша ғылыми және ғылыми-қолданбалы бағдарламалар мен жобаларды дайындау, жүзеге асыру; қазақ халқының этногенез және этникалық тарихы мәселелерін шешу; Қазақстан және одан сырт елдер территориясында кешенді археологиялық, этнографиялық және өзге де зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, іске асыру; қазақ халқының дәстүрлі мәдениетін тарихи тұрғыда және оның қазіргі таңдағы «тірі» көрінісін зерттеу; Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілеріне мониторинг және сараптама жасау т.с.с.


Құрылымы

Институт 2014 жылдың тамыз айында құрылған. 3 ғылыми-зерттеу бөлімінен, 2 зертханадан тұрады:

археологиялық мұра бөлімі;

дәстүрлі мәдениет бөлімі;

тарихи-мәдени мұра нысандарына мониторинг және сараптама жүргізу бөлімі;

физикалық антропология зертханасы;

жәдігерлерді алғашқы қалпына келтіру және жаңғырту зертханасы.

Институттың кадрлық әлеуетін 23 маман, оның ішінде 1 ҚР ҰҒА академигі, 3 тарих ғылымдарының кандидаты, 1 PhD және магистрлер құрайды.

Ғылыми жобалар

Институт қызметкерлері 2015–2017 жж. төмендегідей ғылыми жобалар бойынша жұмыстар атқарды:

Халықаралық жобалар:

«Қазақ-корей бірлескен зерттеулері» атты жоба;

«Солтүстік және Шығыс Қазақстан территориясындағы тас дәуірі ескерткіштерін зерттеу» атты жоба.

Отандық жобалар:

«Арал-Каспий өңірінің ежелгі тұрғындары: көші-қон мен мәдениеттер эволюциясы (тас және палеометалл дәуірлері)» атты гранттық жоба (Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлесе отырып);

«Оңтүстік-батыс Балқаш маңының палеолиті (ежелгі тас дәуірі)» атты гранттық жоба (Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлесе отырып);

«Қазақ даласының сақ-савроматтық мәдени көкжиегі: тарихи диахрониядағы өзара мәдени байланыстар мәселелерін зерттеу» атты гранттық жоба (Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлесе отырып);

«Храмдық кешендер мәліметтері негізінде Үстірт пен Арал бойы сақ-массагеттерінің дүниетанымы мен діни түсініктерін зерттеу» атты гранттық жоба (Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлесе отырып);

«Қазақстанның мәдени мұрасын өткізу, жөнелту, әрі «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» ЮНЕСКО конвенциясын іске асыру бойынша есеп дайындау» атты жоба;

«Торғай жазығындағы ерте темір дәуірінің обалары» атты демеушілік жоба;

Ақмола облысының тарихи-мәдени ескерткіштерін қорғау мен сақтау бойынша бірлескен жоба

2018 жылы атқарылатын ғылыми жобалар:

Халықаралық жобалар:

«Қазақ-корей бірлескен зерттеулері» атты ғылыми жоба;

«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты көрме жобасы;

«Жібек жолындағы уақыт пен кеңістік» атты ғылыми жоба.

Отандық жобалар:

«Сарыарқаның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және дәріптеу» атты ҚР БҒМ ҒК-нің бағдарламалы-нысаналы жобасы;

«Қазақ Алтайындағы сақ және сяньби ескерткіштері» атты ШҚО әкімдігінің жобасы («Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейімен бірлесе отырып);

«Сырдарияның төменгі ағысындағы қалалық мәдениеттің қалыптасу үрдісіндегі Арал бойының отырықшы тайпаларымен түркі-оғыздардың этномәдени байланысы» атты ҚР БҒМ ҒК-нің гранттық жобасы (Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетімен бірлесе отырып);

«Сортөбе қала жұртындағы археологиялық жұмыстар» атты жоба (Қызылорда облыстық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау мекемесі және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетімен бірлесе отырып);

«Ортағасырлық Қышқала қала жұртында археологиялық зерттеулер жүргізу» атты бірлескен жоба.

Әріптестік және тәжірибе алмасу

Институт өзінің зерттеу бағыттарына сай Оңтүстік Кореяның, Жапонияның, Ресейдің және Моңғолияның белді ғылыми-зерттеу институттары, музейлерімен ғылыми әріптестікте тығыз байланыс орнатты. Сонымен қатар отандық мынадай мекемелермен бірлесе зерттеулер жүргізуде: «Қазақ тағамтану академиясы ҚБ» ЖШС, «География институты» ЖШС, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Ақмола облысы мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану орталығы» және т.б.

Институт қызметкерлері ежелгі өнер, археология, антропология және геоақпараттық жүйелер бойынша Оңтүстік Кореяның Мәдени мұраны зерттеу ұлттық институтында, Германиядағы Балтык жане Скадинавия археологиясы орталыгында институттарында тағылымдамадан өтіп, тәжірибелерін шыңдады.