Дәстүрлі халық мәдениетін сақтаудың маңызды көздерінің бірі этнографиялық экспедициялар болып табылады. Соның нәтижесінде материалды және рухани мәдениет ескерткіштері табылады, зерттеледі және сақталады.
РҒА СБ Археология және этнография институтының Омбы филиалымен жасалған меморандум негізінде Шекаралас территория қазақтарын зерттеу бойынша Халықаралық қазақ этнографиялық біріккен экспедициясы ұйымдастырылды. Жасақтың жұмыс аудандары: Омбы облысының Есілкөл, Москаленск, Шарбақкөл аудандары; Новосібір облысының  Купино, Чистоозерное аудандары.
2017 жылы бөлім қызметкерлері қазақ халқының материалды емес мәдениеті бойынша мәліметтер жинау мақсатында Ақмола және Оңтүстік Қазақстан облыстарында кешенді этнографиялық экспедициялар жүргізген болатын. Зерттеудің мақсаты мен міндеттері – Оңтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының материалдық емес мәдени мұраларын жинау және сақтау. Нәтижесінде, 06.11.2017-17.11.2017 аралығында Оңтүстік Қазақстан облысында сақталған рухани мұралардың қалдықтарын ел арасынан жинау барысында 33 күй, 13 лирикалық ән, жарапазанның 4 түрі, 1 жар-жар, 1 сыңсу, 2 қисса-дастан, 10 терме жазып алынып (видео, аудио), ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының «Рухани мұра» қорына сақтауға өткізілді. Соған қоса Оңтүстік Қазақстан облысынан ұмыт болған 10 шақты тағамның дайындалу технологиясы қалпына келтірілді.